Мазмұнға өту
qandastar.

Атыраудағы қанды оқиға: төрт адам өліміне қатысты тың дерек шықты

Малика Хамит · · 960 қаралым
Атыраудағы қанды оқиға: төрт адам өліміне қатысты тың дерек шықты

Атырау облысының Жангелдин ауылында Қарабалиндер әулетінің төрт мүшесінің өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тергеу мәліметінше, қылмыстар бір күнде емес, бірнеше ай аралығында жасалған.

Прокуратураның хабарлауынша, Наурыз Мұқанғалиев мамыр айында қаза тапқан. Ал қалған үш адамның денесі қараша айында табылған. Осылайша, тергеу оқиғаның бірнеше кезеңнен тұрғанын айтып отыр.

Күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемалиевтің бұл әрекеттерді үшінші тұлғалардың көмегінсіз, жалғыз өзі жасағаны болжануда. Сот-психиатриялық сараптама оның есі дұрыс екенін көрсеткен. Мамандар күдікті өз іс-әрекетіне толық жауап бере алады деген қорытынды шығарған.

Марқұмдардың денесінен көптеген пышақ жарақаты анықталған. Сарапшылардың айтуынша, әрқайсысында алтыдан астам жарақат болған. Көпшілігі кеуде тұсы, мойын және өмірлік маңызды ағзаларға бағытталған.

Ал күдіктінің жұбайы әрі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты соңғы қорытынды әлі шықпаған. Оның психикалық жағдайын нақтылау үшін Алматы қаласында қайта сараптама тағайындалды.

Қаза болғандардың туыстары сот процесі ашық түрде өтуі керек деп талап етіп отыр. Ал қылмыстық іс мамыр айында сотқа жіберілуі мүмкін. Тергеу әлі жалғасуда.

Бөлісу: Telegram WhatsApp