Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды
порталы.
Бұл туралы прокуратура хабарлады.
Ведомство мәліметінше, отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы әлі күтіліп отыр. Сараптама нәтижесі тергеу органына ресми түрде түскеннен кейін оған процессуалдық баға беріледі.
Прокуратураның хабарлауынша, қылмысты Сарсемалиевтің жалғыз өзі жасағаны анықталған. Тергеу барысында өзге тұлғалардың қатысы бары жөнінде дәлел табылмаған.
А.Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы болмауына байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылды
Сонымен қатар, қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Ал қылмыс құралына қатысты мәліметтер сот барысында зерттелетін болғандықтан, әзірге жария етілмейді.
Еске салсақ, өткен жылдың қараша айында Жангелдин ауылының ерлі-зайыпты тұрғындары мен олардың екі баласы із-түзсіз жоғалған еді. Кейін олардың мәйіттері табылды. Негізгі күдікті ретінде отбасының күйеу баласы танылып, ол биыл ақпанда бұрынғы жұбайымен бірге Индонезияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған болатын.