Аустрияда балалар тағамына улы зат қосқан күдікті қолға түсті. Операция Зальцбург аймағында жүргізілген, деп хабарлайды DW басылымына сілтеме жасаған Qandastar.kz.
Тергеу мәліметінше, 39 жастағы ер адам бұл әрекетті жалғыз жүзеге асырған. Ол Германиядағы HiPP компаниясынан 2 миллион еуро көлемінде криптовалюта талап еткен. Күдікті супермаркеттерден балалар тағамын сатып алып, оның ішіне у қосып, кейін қайтадан сөрелерге орналастырған.
Іздеу жұмыстары 38 күнге созылып, оған Аустриямен қатар Чехия мен Словакияның құқық қорғау органдары да қатысқан. Нәтижесінде у қосылған бес банка табылып, тәркіленді. Олар түбіндегі арнайы ақ-қызыл жапсырма арқылы анықталған. Қазіргі уақытта тағы бір уланған құты іздестіріліп жатыр.
Күдіктіні анықтауға дүкендердегі бейнебақылау жазбалары мен оның HiPP компаниясына жолдаған электронды хаты көмектескен. Қазір прокуратура оның әрекетін қалай саралау керектігін шешуде — денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әрекеттену ме, әлде адам өлтіруге оқталу ма.