23 маусым күні «Ауыл» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, ұйым басшылығында өзгеріс болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Съезд барысында партияның алдағы кезеңдегі міндеттері талқыланып, Қазақстанның жаңартылған Конституциясына сәйкес партия жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды.
Жиында партия төрағасы Серік Егізбаев қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі саяси өзгерістер мен қоғам сұранысы партияның жаңаруын және жаңа тәсілдермен жұмыс істеуін талап етеді.
Серік Егізбаев партия төрағасы лауазымына өзінің орынбасары Қайрат Айтуғановтың кандидатурасын ұсынды. Делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, Қайрат Айтуғановты «Ауыл» партиясының жаңа төрағасы етіп сайлады.
Қайрат Айтуғанов аграрлық сала мен мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі маман. Ол әр жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде басшылық қызметтер атқарып, ұлттық компаниялар мен ғылыми-білім беру ұйымдарын басқарған.
Съезд қорытындысы бойынша делегаттар партия жарғысына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдап, ұйымның алдағы саяси міндеттерін айқындады.