Абай облысында ерекше күтімді қажет ететін балаларға 100-ден астам рет күш көрсетілген, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Абай облысының Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері анықталды. Прокуратура мәліметінше, мекемені тексеру кезінде тәрбиеленушілерге жүйелі түрде күш көрсетілгені белгілі болған.
Тексеру барысында санитарлардың балалардың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оларға физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық жасаған 100-ден астам фактісі тіркелген.
Бұдан бөлек, кейбір қызметкерлердің заңсыз әрекеттерді көре тұра, оларды тоқтатуға тырыспағаны анықталды.
Осы деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазір іске қатысы бар адамдар қызметтік міндеттерінен шеттетіліп, олардың балалармен байланысына шектеу қойылған. Бұл шаралар тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған.
Облыс прокуратурасы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы тексеру жұмыстары жалғасатынын хабарлады.