Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында Instagram-дағы «лайк» үшін шыққан жанжал соңы пышақ қолдануға ұласқан, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 10 мамырда түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Ер адам жәбірленушінің өз жұбайының Instagram парақшасындағы фотоларға «лайк» басқанына ашуланып, жанжал шығарған.
Кейін ол қалтасынан жиналмалы пышақ алып, қарсыласын үш рет – іш тұсынан екі рет және жауырынынан бір рет жаралаған. Жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, жәбірленушіден кешірім сұраған.
Сот оны ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, жаза шартты түрде белгіленіп, оған 3 жылға пробациялық бақылау қойылды.
Сотталған адамға түнгі уақытта үйінен шықпау, алкоголь сатылатын қоғамдық орындарға бармау, пробация қызметін ескертпей тұрғылықты жері мен жұмысын өзгертпеу және жаңа қасақана құқық бұзушылық жасамау сияқты міндеттер жүктелді.