Мазмұнға өту
qandastar.

Аймағамбетов: Президент инфрақұрылымға қаржы бөлуде ұзақ мерзімді мүддені таңдады

Малика Хамит
Аймағамбетов: Президент инфрақұрылымға қаржы бөлуде ұзақ мерзімді мүддені таңдады

Президенттің бүгінгі Жолдауында Қазақстанның инфрақұрылымын жаңғырту, экономиканы дамыту және технологиялық дербестікті нығайту мәселелеріне басымдық берілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, Мемлекет басшысының шешімдерінен елдің ұзақ мерзімді мүддесін көздейтін көшбасшылық байқалады.

Депутаттың айтуынша, қазіргі саясатта көпшілікке ұнайтын уәде беруден гөрі, ел болашағы үшін маңызды шешімдерді дер кезінде қабылдап, оның жауапкершілігін көтеру әлдеқайда маңызды.

«Менеджер істі дұрыс жасайды, көшбасшы дұрыс істі таңдайды» деген тұжырым бар. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауынан дәл осы көшбасшылықты көрдік», – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау – ұзақ мерзімді нәтижеге негізделген шешім. Бұл қаражат ел бойынша әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандарды салуға жұмсалады.

Депутаттың пікірінше, мұндай қаржыны бір реттік төлемдерге бағыттау қысқа мерзімде көпшіліктің көңілінен шығуы мүмкін. Алайда инфрақұрылымға салынған инвестиция елге ондаған жыл бойы қызмет ететін нысандардың пайда болуына мүмкіндік береді.

«Бірақ Президент елге ондаған жыл қызмет ететін жолды таңдады. Оның үстіне нысан салмас бұрын әр өңірдің нақты қажеттілігін анықтау тапсырылды. Бұл дұрыс істі таңдау ғана емес, оны дұрыс жасау да», – деп атап өтті ол.

Асхат Аймағамбетов экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және технологиялық дербестікті нығайту міндеттері бір-бірімен тығыз байланысты екенін де айтты. Оның пікірінше, бұл бағыттар жүйелі түрде жүзеге асқанда ғана елдің әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар депутат алдағы міндеттердің қатарында Жолдаудағы бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және Ұлттық қор қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау бар екенін жеткізді.

Оның айтуынша, ел дамуының түпкі нәтижесі білімге, ғылымға және адам капиталының сапасына да тікелей байланысты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp