Мазмұнға өту
qandastar.

Ажырасқанда мүлік қалай бөлінеді: заңда не қарастырылған?

Бақытжан Мұса · · 19 қаралым
Ажырасқанда мүлік қалай бөлінеді: заңда не қарастырылған?

Неке бұзылған кезде ерлі-зайыптылар арасында мүлікті бөлу мәселесі жиі туындайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, некеде тұрған кезеңде бірге жиналған мүлік, әдетте, ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі болып саналады. Бұл туралы қазақстандық заңгер, құқықтанушы ғалым, философия докторы (PhD) және заң ғылымдарының магистрі Мақсатов Нұржан Ришатұлы өзінің Instagram парақшасында айтты, дейді Qandastar.kz.

Егер неке шартында өзгеше тәртіп белгіленбесе, ортақ мүлік ерлі-зайыптылар арасында тең бөлінеді. Тараптар өзара келісімге келе алмаған жағдайда, мүлікті бөлу мәселесі сот тәртібімен шешіледі.

Қандай мүлік ортақ мүлікке жатпайды?

Заң бойынша кейбір мүлік жұбайлардың жеке меншігі болып есептеледі. Оларға:

– некеге дейін тиесілі болған мүлік; – мұрагерлік тәртіппен алынған мүлік; – сыйға тарту арқылы алынған мүлік; – жеке пайдалануға арналған заттар; – балалардың атына тиесілі мүлік жатады.

Сонымен қатар некеге дейінгі немесе жеке меншіктегі мүлік неке кезінде ортақ қаражат есебінен едәуір жақсартылса, оның құны мен құқықтық мәртебесіне қатысты дау туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда мәселе нақты жағдайға және ұсынылған дәлелдерге қарай шешіледі.

Мүлік бөлісу кезінде неге назар аудару керек?

Мүлікке қатысты құқықтарды қорғау үшін тараптарға сатып алу құжаттарын, төлем түбіртектерін, жөндеу жұмыстарына кеткен шығындарды және басқа да маңызды құжаттарды сақтаған жөн.

Мәселен, пәтерді бөлу кезінде оның кімнің атына және қандай негізде рәсімделгені, сатып алуға қандай қаражат жұмсалғаны, сондай-ақ мүліктің қазіргі жағдайы ескеріледі.

Тараптар мүлікті өзара келісім арқылы бөлісе алады. Келісім болмаған жағдайда сотқа жүгінуге құқылы. Сотта мүліктің құны мен тараптардың талаптары тиісті дәлелдермен негізделуі қажет.

Мүліктік даулардың алдын алудың бір жолы — неке шартын жасау. Онда ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері алдын ала белгіленуі мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp