Продюсер Бағым Мұхитденова әнші Мөлдір Әуелбекованың әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты пікір білдіріп, оған арнап көлемді жазба жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Мөлдір Әуелбекованың жазбасына «Моля, ұстазыңызбен достасыңыз» деген пікір қалдырған. Әнші оған «Құдай сақтасын, бетін аулақ» деп жауап берген.
Осыдан кейін Бағым Мұхитденова бұл пікірге байланысты өзінің ренішін жеткізді. Продюсер әншінің өнер жолының басталуына көрсеткен көмегін еске алып, өткен жылдардағы қарым-қатынастарына қатысты бірқатар мәселені ашық жазды.
«Құдайға шүкіршілік айтып отырып, сол Құдайдың “жақсылық жасаған адамға алғыс айт” деген аманатының орнына “бәлесінен аулақ” деуің дұрыс па? Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, “бәріне өз күшіммен жеттім” деуің дұрыс па?» – деп жазды ол.
Бағым Мұхитденова сондай-ақ Мөлдір Әуелбекованың кезінде оның шаңырағында тұрғанын айтып, өзіне жасалған жақсылықтарға қатысты алғыс болмағанын жеткізді. Сонымен қатар продюсер отбасына қатысты қаржылық және жеке мәселелерді де қозғады.
«Адал асымды ішіп, шаңырағымда тұрып, бетіме күліп, артымнан сатқындық жасағаның дұрыс па? Күйеуімнің назарын ғана емес, ұлым екеумізге тиесілі қаражатын алып қойғаның дұрыс па?» – деді продюсер.
Ол жылдар бойы бұл мәселелерді ашық айтпай, іште сақтап келгенін атап өтті. Сондай-ақ Мөлдір Әуелбекованың өзін әлеуметтік желіде құрбан ретінде көрсетуіне қатысты пікір білдірді.
«“Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш” деген халықпыз, мен бәрін кештім. Жылдар бойы өз жарамды өзім таңып, үндемей, іштей жылап қана келемін. Менің күйімді біле тұра, өзіңді құрбан қып көрсетуің дұрыс па?» – деп жазды Бағым Мұхитденова.
Продюсер жазбасының соңында Мөлдір Әуелбекованы өткенін ұмытпауға шақырды.
«Дәл осы ән сені елге танытты, атақ әкелді, әлі күнге дейін табыс әкеліп отыр. Сондықтан қайдан шыққаныңды, кімнің арқасында танылғаныңды ұмытпа», – деді ол.