Байқоңыр ғарыш айлағының 45-ші алаңында «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешені арқылы орта класты «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышының алғашқы ұшу сынағы өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Egemen.kz порталына сілтеме жасап.
Сынақ барысында зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеп, макет белгіленген траектория бойынша сәтті ұшырылды. Бұл кезең «Бәйтерек» жобасының техникалық тұрғыдан іске қосуға дайын екенін көрсететін маңызды қадам ретінде бағаланды.
Жоба Қазақстанның ғарыш саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, жеке ұшыру инфрақұрылымын дамытуға жол ашады. Кешенді құру кезінде жерүсті жүйелері жаңғыртылып, басқару, жанармай құю және қауіпсіздік бағыттарында заманауи технологиялар енгізілген.
Мамандардың айтуынша, жаңа кешен ұшу алдындағы процестерді автоматтандыру деңгейін арттырып, халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Жобаны іске асыру барысында 40-тан астам техникалық жүйе бірлесіп жұмыс істеген.
«Союз-5/Сұңқар» зымыраны төмен орбитаға 17 тоннаға дейін жүк шығаруға қабілетті. Ол қуатты қозғалтқыштармен жабдықталған және әртүрлі ғарыштық миссияларды орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологиялық қауіпсіз отын түрін қолдануы оның басты артықшылықтарының бірі болып отыр.
«Бәйтерек» кешенінің сәтті сынағы Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ғылыми-технологиялық әлеуетті арттыруға мүмкіндік бермек.