Байқоңыр ғарыш айлағында Халықаралық ғарыш станциясына аттанатын «Союз МС-29» ғарыш кемесінің ұшырылымына дайындықтың соңғы кезеңі басталды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
1 шілде күні ғарышкерлерге арналған «Космонавт» қонақүйінің алдында алдағы миссияға қатысушы мемлекеттердің – Қазақстан, Ресей және АҚШ-тың мемлекеттік тулары көтерілді. Бұл рәсім ұшырылым алдындағы қорытынды дайындық кезеңінің ресми түрде басталғанын білдіреді.
Жоспарланған ұшырылымға дейін шамамен екі апта уақыт қалды. Осы мерзімде экипаж мүшелері соңғы оқу-жаттығуларынан өтіп, медициналық тексерулерден, ғылыми тәжірибелерден және хаттамалық іс-шаралардан өтеді.
NASA ұсынған мәліметке сәйкес, «Союз МС-29» кемесінің негізгі экипажы құрамына командир Петр Дубров, бортинженерлер Анна Кикина мен Анил Менон енген.