1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай ата-аналарға арналған мерекелік идеялар ұсынылды
Балаларды қорғау күні – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, олардың балалық шағын жарқын естеліктермен толықтыруға мүмкіндік беретін ерекше мереке. Осыған орай мамандар ата-аналарға мерекені есте қаларлықтай өткізуге көмектесетін бірнеше ұсыныс ұсынды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Сарапшылардың айтуынша, балаларды аттракциондар саябағына, ойын-сауық орталықтарына немесе аквапаркке апару олардың көңілін көтерудің тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар табиғат аясына шығып, шатыр тігіп демалу, зообаққа немесе циркке бару да балаларға ерекше әсер сыйлайды.
Мереке күні кинотеатрда жаңа анимациялық фильм көру, отбасылық үстел ойындарын ұйымдастыру және шығармашылық шараларға қатысу да ұсынылған. Мамандар мұндай іс-шаралар ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып, отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ аниматорлардың қатысуымен көңілді кеш өткізу немесе отбасылық фотосессия ұйымдастыру арқылы мерекелік күнді есте қаларлықтай етуге болады.
Мамандар балалардың бойында жанашырлық пен қамқорлық қасиеттерін қалыптастыру үшін балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерге сыйлықтар тарту ету секілді қайырымдылық шараларына қатысуды да ұсынады.
Айта кетейік, Балаларды қорғау күні жыл сайын 1 маусымда аталып өтеді. Бұл күн балалардың құқықтарын қорғауға және олардың әл-ауқатына қоғам назарын аударуға бағытталған.