Мазмұнға өту
qandastar.

Балаларға 2,5 млрд доллар аударылды: Тоқаев елдегі өзгерістер туралы айтты

Малика Хамит
Балаларға 2,5 млрд доллар аударылды: Тоқаев елдегі өзгерістер туралы айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында Қазақстанның соңғы жеті жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Президенттің айтуынша, осы кезеңде экономика өсіп, өнеркәсіп пен көлік-логистика салалары дамыды. Сонымен қатар еліміз цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп отыр.

Экономика өсіп, тұрғын үй құрылысы рекордтық деңгейге жетті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасы шамамен 30 пайызға өскен. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асты, ал елдің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жақындап келеді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында екінші орында тұр.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жеткен. Бүгінде осы салада еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істейді.

Әлеуметтік бағытта да бірқатар көрсеткішке қол жеткізілген. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллион баланың есепшотына жалпы сомасы 2,5 миллиард доллар аударылды. Ал былтыр елде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.

Президент азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындағанын да атап өтті.

Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 45 пайыздан асты

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда отандық өндірісті дамытуға және технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге басымдық беріліп отыр.

Соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің экспорт көлемі 45 пайыздан астам өскен. Теміржол саласында рельс, шпал, вагон және электровоз өндірісі жолға қойылды. Автокөлік өндірісі де қарқын алып, елдегі зауыттар жыл сайын 150 мыңнан астам жеңіл және жүк көлігін шығарады.

Сонымен қатар соңғы жеті жылда Қазақстанға 155 миллиард доллар инвестиция тартылған. Ал жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылған.

Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынып, жөнделді. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер мен теңіз айлақтары жаңғыртылып, шекара маңындағы инфрақұрылым дамытылуда.

Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отыр

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ел дамуының маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. Қазақстанда екі суперкомпьютер іске қосылған, ал жақын арада тағы бір қуатты есептеу жүйесін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Президенттің дерегінше, отандық IT қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Бұған қоса, деректерді өңдеу орталықтарының кластерін құру және Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру қолға алынған.

Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы орны да нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ел Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық бағыттардың бірі ретінде дамып, көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылым арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыруда.

Президенттің сөзінше, аталған бастамалардың түпкі мақсаты – экономиканы әртараптандыру, заманауи технологияларды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты мемлекет қалыптастыру.

Бөлісу: Telegram WhatsApp