Атырау облысының Индер ауданында жүкті әйел күйеуінің соққысынан кейін ауруханаға түсті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Үш баланың анасы төртінші сәбиін күтіп жүр.
Әйелдің айтуынша, күйеуі бұған дейін де бірнеше рет қол көтерген. Бұл жолы жағдай ушыққан соң, ол үйден шығып, көршісінің үйіне бас сауғалауға мәжбүр болған. Жедел жәрдем де сол жерге шақырылған.
Жәбірленушінің сөзінше, күйеуі үйге мас күйінде келген. Әйел төсекте жатқан кезде оны екі рет ұрған. Соққыдан кейін басы мен құлағы шыңылдап кеткен.
Ең ауыр сәттердің бірі — оқиға кезінде балалардың да үйде болуы. Анасының айтуынша, балалар қорыққанынан ұйықтап жатқан кейіп танытқан.
Әйел полиция қызметкері оқиға орнына келгенде, өзін қорғауға көмектесудің орнына «отбасыңды сақта» деп сабырға шақырғанын да айтты.
Алайда қазір бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.