Мазмұнға өту
qandastar.

Балаларын үтікпен күйдіріп, өзенге секірткен әйелге үкім шықты

Малика Хамит · · 417 қаралым
Балаларын үтікпен күйдіріп, өзенге секірткен әйелге үкім шықты

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты балаларын қорлап, азаптады деп айыпталған әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Сот мәліметінше, айыпталушы кәмелетке толмаған екі баласына жүйелі түрде күш көрсетіп, тән және психологиялық зардап келтірген.

Іс материалдарына сәйкес, әйел 2017 жылы туған ұлын темекі шегіп отырған жерінен ұстап алып, ұрып-соққан. Кейін шанышқыны қыздырып, оның аузын күйдірген. Келесі күні де баласын соққыға жыққаны анықталған.

Бұдан бөлек, сотталушы ұлы мен 2015 жылы туған қызын 10 мың теңге ұрлады деп айыптап, қыздырылған үтікпен олардың денесін күйдірген. Сондай-ақ балалардың шашын тақырлап алып, психологиялық қысым көрсеткен.

Сот барысында әйелдің балаларды өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлегені және оларды тұншықтырғаны да айтылды.

Прокурор соттан әйелді 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Ал жәбірленушілердің өкілі сотталушыны кешіргенін мәлімдеді. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, өзін қамауға алмауды өтінген.

Сот әйелдің кінәні мойындауы мен шын жүректен өкінуін жеңілдететін жағдай ретінде таныды. Сонымен қатар оның ата-ана құқықтарының шектелгені ескерілді.

Сот үкімімен әйел Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp