Ақмола облысының Ақкөл ауданында қайғылы жағдайға байланысты әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол абайсызда сәбиінің өліміне себеп болғаны үшін жауапқа тартылған.
Сот материалдарына сәйкес, әйел қонақта алкоголь ішіп, кейін үйіне келген. Түнде баласын емізіп отырып ұйықтап қалған. Біраз уақыттан кейін оянған кезде сәбиінің өмір белгілері жоқ екенін байқаған.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған. Медициналық қызметкерлер баланың тұншығып қайтыс болғанын анықтаған.
Әйел өз кінәсін мойындаған. Іс сотқа процестік келісіммен жіберілген. Прокурор оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған.
Сот әйелдің шын жүректен өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал қылмыс кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны жазаны ауырлататын жағдай ретінде бағаланды.
Нәтижесінде ол 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылау белгіленді.