Алматыда такси жүргізушісі көлік салоны былғанғанына ашуланып, жолаушы әйелге балағат сөздер айтқан, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Дөрекілік танытқан 53 жастағы ер адам сот шешімімен жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Оқиға жолаушының баласымен бірге таксиге отырған кезінде болған. Сапар барысында бүлдіршін абайсызда көлік салонын былғап алған. Бұған ашуланған жүргізуші баланың анасына тіл тигізіп, көлік тоқтаған соң да балағаттауын тоқтатпаған.
Жолаушы жанжал кезінде болған жағдайды ұялы телефонына түсіріп, полицияға шағымданған.
Құқық қорғау органдары жүргізушінің әрекетін тексеріп, әкімшілік іс материалдарын сотқа жолдады. Нәтижесінде ер адам жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция өкілдері жолаушылармен келіспеушілік туындаған жағдайда мәселені заң аясында шешу керегін ескертті. Көлік салонының былғануы ешкімді қорлауға немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға құқық бермейді.