«Қазақмыс» БМЗ-дағы күкірт қышқылы цехын жаңартып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
18 жылдан бері қызмет еткен алып жылу алмастырғыштың орнына жаңа буын жабдық орнатылуда.
Бұл құрылғы – цехтың «жүрегі» деуге болады. Ол күкіртті газдарды өңдеу кезінде қажетті температураны ұстап, бүкіл өндірістің тұрақты жүруіне жауап береді. Ескі агрегаттың орнына қойылып жатқан жаңа жылу алмастырғыш бір мезетте газды қыздырып, салқындата алады – яғни тиімділігі әлдеқайда жоғары.
Жабдықтың өзі де осал емес: салмағы шамамен 200 тонна, биіктігі 25 метрге жуық. Құрылымы бірнеше бөлікке бөлінгендіктен, монтаждау процесі де жылдамырақ жүріп жатыр.
Айта кетерлігі, құрылғы отандық зауытта арнайы коррозияға төзімді материалдан жасалған. Бұл – агрессивті ортада ұзақ әрі сенімді жұмыс істеудің кепілі.
Жоба мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Нәтижесінде өндіріс тоқтап қалу қаупі азайып, жалпы тиімділік артады.