Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында, Мыңарал ауылы маңындағы Балқаш көлінде құтқарушылар қозғалтқышы істен шыққан қайықтағы екі балықшыны жағаға жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Оқиға кезінде екі балықшы жағалаудан шамамен 15 шақырым қашықтықта болған. Қайық қозғалтқышының бұзылуына байланысты олар өздігінен жағаға жете алмаған.
Оқиға орнына жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары екі азаматты эвакуациялап, аман-есен жағалауға жеткізді.
Осыған байланысты құтқарушылар су айдынына шығар алдында қайық пен қозғалтқыштың жарамдылығын тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ құтқару кеудешелерін киіп, байланыс құралдарын өзімен бірге алып жүру қажеттігін ескертеді.