Қарағанды облысында Балқаш көліне балық аулауға шығып, қайта оралмаған ер адам құтқарылды. Оны Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жағалаудан 24 шақырым қашықтықта тапты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Оқиға таңертең Приозерск қаласынан 15 шақырым жерде болған. Ер адам моторлы қайықпен балық аулауға шыққанымен, белгіленген уақытта кері оралмаған.
Хабарлама түскен бойда ТЖМ бөлімшелері іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде құтқарушылар ер адамды көлдің ашық акваториясынан анықтады.
Белгілі болғандай, балық аулау кезінде моторлы қайықтың қозғалтқышы істен шығып, ер адам өздігінен жағаға жете алмаған.
Құтқарушылар оны жағаға жеткізді. Ер адам медициналық көмекке мұқтаж болмаған.