Балқаш қаласына жақын маңда темір мен марганец кенін заңсыз өндіргендер анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Рұқсатсыз қазылған үш карьердің салдарынан бүлінген жерді қалпына келтіруге 485 миллион теңге қажет. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, заңсыз кен өндіру жұмыстары Саяқ ауылының маңында жүргізілген. Оны «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС-нің директоры ұйымдастырған деген күдік бар.
Кен қазуға жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техника тартылған. Олардың қатарында экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы және самосвалдар болған. Тексеру кезінде жердің үстіңгі қабаты едәуір көлемде аршылып, үш карьердің заңсыз қазылғаны анықталды.
338 мың текше метр топырақ қазылған
Өндірілген кенді сату және сыртқа шығару үшін теміржол станциясына тасымалдап отырған. Ал заңсыз жұмыстар кезінде қазылған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.
Мамандардың есептеуінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды жағдайға келтіру үшін 485 миллион теңге қажет.
Қазір соттың санкциясымен екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды.
Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.