1938 жылғы 24 қарашада Балқаш мыс балқыту зауытында алғашқы тазартылмаған мыс алынды. Бұл дата Қазақстанның металлургия өнеркәсібінің тарихындағы маңызды белестердің бірі болып, өңірдегі өндірістің қалыптасуына негіз болды.
88 жыл ішінде кәсіпорын бір шағылыстырғыш пешпен жұмыс істеген өндірістен бірнеше металлургиялық агрегаттары, заманауи технологиялары және автоматтандырылған басқару жүйелері бар кешенге дейін дамыды. Бүгінде «Қазақмыс» зауыттың өндірістік әлеуетін арттыруға және жабдықтарды жаңартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді. 2026 жылы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға 21,8 млрд теңге бөлінді.
Алғашқы өндірістік кезеңнен бүгінгі технологияларға дейін
1938 жылы зауыттың өндірістік қуаты бір шағылыстырғыш пеш пен бір конвертерден тұрды. Ол кезде штейн құрамындағы мыс мөлшері 18–22% болса, конвертерлеу үдерісі тоғыз сағатқа дейін созылатын. Нәтижесінде құрамында шамамен 96% мыс бар тазартылмаған металл алынатын.
Қазіргі уақытта мыс балқыту цехында сыйымдылығы 80 тонна болатын бес конвертер, екі Ванюков пеші және әрқайсысы 250 тоннаға дейін металл қабылдайтын үш анод пеші жұмыс істейді.
Өндірістік технологиялардың жетілдірілуі штейн құрамындағы мыс мөлшерін орта есеппен 55%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар конвертерлеу уақыты 5–6 сағатқа дейін қысқарды.
Бүгінгі технологиялық цикл шихтаны дайындаудан басталады. Дайын қоспа Ванюков пештеріне жіберіліп, 1200–1300 градус температурада штейн түзіледі. Кейін бұл өнім конвертерлерде өңделіп, тазартылмаған мыс алынады.
Одан әрі металл анод пештерінде оттық тазартудан өтеді. Қоспалардан арылған мыс құрамындағы металл мөлшері 99,6%-ға жетіп, анод түрінде құйылады. Дайын анодтар электролиз цехына жөнелтіліп, онда катодты мыс өндіру кезеңі жүзеге асырылады.
Өндірістік қуаттарды жаңарту және инвестициялар
Балқаш мыс балқыту зауытын дамытудағы басым бағыттардың бірі – негізгі жабдықтарды жаңарту, олардың жұмыс сенімділігін арттыру және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру.
2026 жылы «Қазақмыс» кәсіпорында жалпы құны 21,8 млрд теңгені құрайтын жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. Жоспар металлургиялық агрегаттарды күрделі жөндеуді, инфрақұрылымды жаңартуды және технологиялық үдерістерді жетілдіруді қамтиды.
Бағдарлама шеңберінде №1 Ванюков пешіне 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалып, күрделі жөндеу жүргізілді. Ал 2027 жылы №2 Ванюков пешін жөндеу жоспарланған. Бұл жобаға 5,4 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттау көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, анод пештері мен конвертерлерді жаңарту, сондай-ақ күкірт қышқылы цехының жабдықтарын жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Автоматтандыру және технологиялық бақылау
Өндірістік жабдықтарды жаңартумен қатар зауытта технологиялық үдерістерді басқару жүйелерін дамытуға да көңіл бөлінуде.
2012 жылдан бері конвертерлерді бұру операцияларында автоматтандырылған басқару жүйесі қолданылады. Бұл технология операторлардың қолмен орындайтын жұмыстарының көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Ал 2026 жылы №3 анод пешінде мазутпен жылыту құрылғысы орнатылды.
Алдағы уақытта конвертерлеу учаскесінде оптикалық газ талдағыш орнату жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе балқыту параметрлерін автоматты түрде бақылауға, қож бен мыс құрамының қажетті көрсеткіштерге жетуін анықтауға және технологиялық үдерісті дәлірек басқаруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру өндірістік көрсеткіштерді бақылау сапасын арттырып, балқыту үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
88 жылдық тәжірибе және өндірістің болашағы
Балқаш мыс балқыту зауыты Қазақстанның металлургия саласындағы маңызды өндірістік кәсіпорындардың бірі саналады. Оның жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылы, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге арналған.
Кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуына бірнеше буын металлургтердің, инженерлердің және өндіріс мамандарының еңбегі негіз болды. Олардың кәсіби тәжірибесі мен жұмысы Қазақстанның металлургия өнеркәсібінің дамуына үлес қосты.
Қазіргі уақытта «Қазақмыс» өндірістік тәжірибені сақтай отырып, кәсіпорынды жаңғыртуға, жабдықтарды жетілдіруге және жаңа технологияларды енгізуге инвестиция салуды жалғастыруда. Бұл жұмыстар өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және зауыттың болашақтағы даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.