Мазмұнға өту
qandastar.

Балқаш жағасында 33 мың адамға арналған жаңа қала бой көтереді

Малика Хамит
Балқаш жағасында 33 мың адамға арналған жаңа қала бой көтереді

Қазақстанда екі атом электр станциясын салу жоспарланған Алматы облысындағы Үлкен ауылы болашақта ірі энергетикалық орталыққа айналуы мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Мұнда 33 мың адамға арналған жаңа «Атомшылар қалашығын» салу көзделіп отыр.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, болашақ қалашықта тұрғындардың өмір сүруіне қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылады. Атап айтқанда, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және күнделікті тұрмысқа қажетті қызмет көрсету орындары салынады.

Сонымен қатар қалада атом энергетикасы саласына мамандар даярлайтын арнайы оқу орталықтары ашылады. Бұл нысандар болашақ АЭС-терге қажетті білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Болашақ қалашық туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясында жұмыс істеп жүрген қазақстандық мамандармен кездесу кезінде айтты.

Үлкен ауылы біртіндеп жаңа энергетикалық орталыққа айналуы мүмкін. Жоба аясында көлік, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да қарастырылып отыр.

Айта кетейік, АЭС құрылысы кезінде 10 мыңнан астам маман тарту қажеттілігі айтылған. Бұл өз кезегінде құрылыс, көлік, логистика, тамақтану және қызмет көрсету салаларында жаңа жұмыс орындары мен бизнес мүмкіндіктеріне жол ашуы мүмкін.

Ал Балқаш жағасындағы Үлкен ауылының 33 мың тұрғыны бар қалашыққа айналу жоспары өңірдің алдағы жылдардағы дамуына қатысты маңызды бастамалардың бірі болмақ.

Бөлісу: Telegram WhatsApp