Балқашта орталық саябақты көгалдандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Жоба «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асып жатыр.
Саябақ аумағына барлығы 2,5 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 500 қарағаш және 2 мың пирамидалы терек бар. Жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген.
Жобаны «Қазақмыс» корпорациясы қолға алған. Көгалдандыру шарасына компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлы қатысты.
Ағаштар арнайы дайындалған орындарға отырғызылып жатыр. Жоба үшін биіктігі шамамен 2,5 метр болатын ірі көшеттер таңдалған. Олардың тамыры топырақ түйіршігімен бірге қазып алынған.
Жаңа жасыл желекті күтіп ұстау үшін аумақта тамшылатып суару жүйесі орнатылады. Алғашқы суару жұмыстары да жүргізілген.
Жобаның жалпы құны 57,5 млн теңгені құрайды. Бұл қаражат аумақты дайындауға, көшеттерді жеткізу және отырғызуға, суару жүйесін орнатуға және басқа да жұмыстарға жұмсалады.
Жоба аяқталғаннан кейін орталық саябақтағы жасыл аумақ ұлғайып, тұрғындардың демалысына қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптаспақ.