Мазмұнға өту
qandastar.

Балқашта шикізатты қайта өңдеу және 15 жаңа жұмыс орны ашылды

Бақытжан Мұса 40 қаралым
Қазақмыс
Қазақмыс

«Қазақмыс» Тобының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында өндірістік нысандарды аралап, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу, мыс өндіру технологияларын енгізу және жаңа жұмыс орындарын ашу жобаларымен танысты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

«Kazakhmys Progress» ЖШС-де компания басшысына металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу және селен өндіру жұмыстары таныстырылды. 2026 жылдың тоғыз айында кәсіпорын 1 134 тонна шлак пен 64,9 тонна қара селенді қайта өңдеген. Алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, қайталама шикізаттың қосымша көлемін өндірістік циклге тарту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Руслан Өскенәлі Қоңырат кен орнында карьер сулары мен тотыққан кендерден мыс алу жобасының жүзеге асырылу барысын көрді. Жобада құйындық электролиз технологиясы арқылы карьер суларынан тауарлық мыс алу көзделген. Кейінгі кезеңде тотыққан кендерді үйінділік шаймалау әдісімен қайта өңдеу жоспарланған. Жобаны іске асыру кезеңінде өндірілетін мыстың жалпы көлемі 15,6 мың тонна болады деп болжануда.

Жұмыс сапары аясында Басқарма төрағасы жаңа тігін цехын да аралады. Мұнда 15 арнайы жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын жылына 86 мыңнан астам бұйым өндіруге қауқарлы. Оның ішінде «Қазақмыс» өндірістік бөлімшелеріне арналған арнайы жұмыс киімдері мен жеке қорғаныс құралдары бар.

Аталған жобалар өндірістік ресурстарды тиімді пайдалануға, шикізатты қайта өңдеу көлемін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және жұмыскерлерді жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp