Каспий теңізінде балық аулап жүріп, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Иранның үш азаматына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оқиға 24 шілдеде болған. Үш шетелдік балық аулау кезінде теңіз арқылы Қазақстан аумағына өткізу пунктінен тыс жерде кірген. Оларды Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері ұстады.
Тергеу барысында ер адамдардың мемлекеттік шекараны алдын ала сөз байласып, қасақана заңсыз кесіп өткені анықталған. Осыған байланысты оларға Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Істі қараған Қарақия аудандық соты үш азаматты кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысына бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот жазасын өтегеннен кейін Қазақстаннан тыс жерге шығарып жіберу туралы шешім қабылдады.
Құзырлы органдар мемлекеттік шекараны белгіленбеген жерден заңсыз кесіп өту қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.