Бангладеште денге безгегінің таралуы күшейіп, қазан айында аурудан қайтыс болғандар саны жылдық ең жоғары көрсеткішке жетті. 2026 жылдың 30 қазанына дейін елде 418 адам көз жұмып, 133 мыңнан астам науқас ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тек қазан айында 173 адам денге безгегінен қайтыс болған. Бұл қыркүйек айындағы 148 өлім жағдайынан жоғары. Осылайша, қазан айы 2026 жылғы әзірге ең қауіпті кезеңге айналды.
Дәрігерлердің айтуынша, көптеген науқас ауруханаға асқыну белгілері пайда болғаннан кейін ғана жүгінеді. Соның салдарынан кейбір адамдарда қан қысымы күрт төмендеп, қандағы оттегі деңгейі азаяды. Мамандар ауруды қайта жұқтыру да ауыр асқынулардың туындау қаупін арттыратынын ескертеді.
Сонымен қатар Бангладеште қызылша ауруының да ауқымды өршуі байқалып отыр. Оның салдарынан 1200-ден астам адам қайтыс болған. Бұл елдің онсыз да жүктемесі жоғары денсаулық сақтау жүйесіне қосымша салмақ түсіруде.
Мамандардың болжамынша, денге безгегінің таралуы қараша айында да жалғасуы мүмкін. Аурудың айтарлықтай бәсеңдеуі желтоқсан айына дейін екіталай. Бұған жауын-шашын мен ылғалдылықтың өзгеруі, сондай-ақ климаттың өзгеруі салдарынан масалардың көбею кезеңінің ұзаруы әсер етіп отыр.
Дәрігерлер тұрғындарға масалардың көбеюіне қолайлы су жиналған орындарды жоюға және аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке дереу жүгінуге кеңес береді.