Бас прокуратура Қырғызстаннан ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қазақстандықты экстрадициялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2007-2008 жылдары Алматы қаласында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топты басқарған.
Ол топ мүшелерімен бірге екінші деңгейлі банктердің бірінен қайтарылмайтын несиелер рәсімдеу арқылы 183 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген деген күдікке ілінген.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, алынған қаражат қылмыстық топ мүшелері арасында бөлініп, жеке мақсаттарға жұмсалған.
Қылмыстан кейін топтың бірқатар мүшесі сотталған. Ал негізгі күдікті тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған болатын.
Бас прокуратураның хабарлауынша, 2026 жылдың ақпан айында күдікті Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында ұсталған. Кейін Қазақстан тарапының сұрауы негізінде ол елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.