Тоқаев жастарды жасанды интеллект дәуірінде де кітап оқуға шақырды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға технология қанша дамыса да, кітап оқуды ұмытпау керегін айтты.
AI Journey 2026 конференциясы аясында Қазақстан және Ресей президенттері жастармен кездесіп, пікір алмасты. Кездесуде оқушылар мен студенттер жасанды интеллектіні түрлі салада, соның ішінде өнерде қолдану тәжірибелерімен бөлісті.
Осы орайда Тоқаев кітап оқудың маңызына тоқталып, Қазақстанда «Оқушы ұлт» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында қолға алынған бастамаларды атап өтті.
«Бәрібір де оқу керек. Мен Қазақстанда "Оқушы ұлт" құру туралы арнайы жарлық шығардым. Жастарды кітап оқуға баулығым келеді. Жақын арада Астана мен Алматы қалаларында Президенттік кітапханалар ашылады. Онда жастардың тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы келуіне барлық жағдай жасалады», – деді мемлекет басшысы.