Мазмұнға өту
qandastar.

Бас прокуратура мәслихат сайлауы қарсаңында азаматтарға маңызды ескерту жасады

Бақытжан Мұса
Сурет: ortcom
Сурет: ortcom

Қазақстанда 29 қарашаға белгіленген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында Бас прокуратура азаматтарды сайлау заңнамасын сақтауға шақырды. Қазіргі уақытта прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегін анықтаған. Оның жетеуі тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жүргізуге қатысты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Бас прокуратураның мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтарға жол берген барлық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-де тоқтатылады.

Осыған байланысты үгіт-насихат жұмыстары 28 қараша күні сағат 00:00-ден бастап тоқтатылуы тиіс. Ал 28 және 29 қараша күндері кез келген сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады.

Бұған дейін орналастырылған баспа үгіт материалдары мен интернеттегі жарияланымдар бұрынғы орындарында сақтала алады. Алайда интернет-ресурстардың басты бетіне бұрын жарияланған үгіт материалдарын қайта шығаруға жол берілмейді.

Сонымен қатар дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнеге түсіріп, оны таратуға тыйым салынады.

Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде заң талаптарын бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынады. Оның мөлшері жеке тұлғалар үшін 15 АЕК-тен, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін 20 АЕК-тен, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 25 АЕК-тен, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 35 АЕК-тен басталады.

Бұдан бөлек, дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдар мен өзге де зерттеулерді жариялауға болмайды. Сондай-ақ сайлау күні дауыс беру ғимаратында немесе учаскесінде қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізуге тыйым салынады.

Бұл талаптарды бұзғандарға ӘҚБтК-нің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Бас прокуратура бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін де еске салды. Заңға сәйкес, жиналыстар, митингілер мен пикеттер өткізу үшін хабарлама беру тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі көзделген. Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.

Сонымен қатар Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте жалған ақпарат және құқыққа қайшы контент таратпау қажеттігін ескертті. Мұндай әрекеттердің сипаты мен келтірілген зиянына қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы немесе ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша жауапкершілік көзделген.

Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға, құқықбұзушылықтарға жол бермеуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге шақырды.

Ескертуге Бас прокурордың орынбасары Е. Өтегенов қол қойған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp