Мазмұнға өту
qandastar.

«Батыс» кенішінде тау-кен құтқарушыларының оқу-жаттығуы өтті

tursynhan · · 6 қаралым
«Батыс» кенішінде тау-кен құтқарушыларының оқу-жаттығуы өтті

«Батыс» кенішінің 73/75 шахтасында төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылды тексеруге арналған оқу дабылы ұйымдастырылды. Жаттығу сценарийі бойынша тау-кен массасының опырылуы салдарынан жұмыскер үйінді астында қалған. Оқу-жаттығуға «Серіктес» АҚҚ ЖШС Жезқазған тау-кен құтқару жасағының мамандары қатысты. Құтқарушылар жағдайды бағалап, ықтимал қауіптерді анықтағаннан кейін 20 метрлік деңгейжиекке түсіп, іздеу-құтқару жұмыстарын бастады, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Шартты түрде зардап шеккен жұмыскер үйінді астынан табылғаннан кейін мамандар «Спрут» апаттық-құтқару жиынтығын пайдаланып, оны қауіпсіз жерге шығарды және алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін зардап шеккен адамды медицина қызметкерлеріне тапсыру үшін жер бетіне эвакуациялау ұйымдастырылды.

Жаттығу кезінде тау-кен массасы опырылған жағдайда құтқарушылардың әрекеті, зардап шеккен адамды іздеу және эвакуациялау тәртібі, сондай-ақ тау-кен құтқару бөлімшелерінің кәсіпорын қызметтерімен өзара іс-қимылы пысықталды. Бұған қоса мамандар жерасты жағдайын бақылау және қажетті өлшеу жұмыстарын жүргізді.

Жерасты жұмыскерлерінің орналасқан жерін жедел анықтау үшін өндірістік нысандарда позициялау жүйесі қолданылады. Технология нақты уақыт режимінде қызметкерлердің жерасты учаскелеріндегі орнын бақылауға және олардың қозғалыс тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Ақпарат кеншінің жеке жарық шамына орнатылған арнайы маяк арқылы беріледі.

Позициялау жүйесі ықтимал штаттан тыс жағдайларды да анықтай алады. Мәселен, жұмыскердің 30 минуттан астам уақыт бойы қозғалыссыз тұрғаны тіркелсе, жүйе тиісті хабарлама қалыптастырады. Бұл қызметкердің орналасқан жерін жедел анықтап, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

«Қазақмыс» өндірістік нысандарында оқу дабылдары бекітілген кестеге және Апатты жою жоспарына сәйкес тұрақты түрде өткізіледі. Әр кәсіпорын бойынша мұндай жоспар өндіріс ерекшеліктері мен ықтимал апаттық жағдайлар ескеріле отырып жыл сайын әзірленеді.

Оқу-жаттығулар құтқару бөлімшелерінің төтенше жағдайларға дайындығын бағалауға, олардың әрекет ету жылдамдығын тексеруге және апат кезінде қолданылатын техникалық жүйелер мен кәсіпорын қызметтерінің өзара үйлесімді жұмысын пысықтауға мүмкіндік береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp