Мазмұнға өту
qandastar.

Батыс Қазақстанда билікті күшпен өзгертуді көздеген топ әшкереленді

Малика Хамит
Батыс Қазақстанда билікті күшпен өзгертуді көздеген топ әшкереленді

Атырау қаласында экстремистік топқа қатысы бар деген күдікпен бірден 10 адам ұсталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Арнайы операция барысында олардың үйінен қару-жарақ, есірткі және діни әдебиеттер табылған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Арнайы қызметтің мәліметінше, операция 30 қазанда прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген.

Ұсталғандарға экстремистік топ құру, оған жетекшілік ету және оның қызметіне қатысу, терроризмді насихаттау, сондай-ақ діни алауыздықты қоздыру баптары бойынша күдік келтіріліп отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, топ мүшелері Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді көздеген.

Арнайы операция кезінде күдіктілердің үйлеріне тінту жүргізіліп, нәтижесінде атыс қаруы, есірткі заттары, діни бұйымдар мен әдебиеттер және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Сонымен қатар, топ мүшелері балалар мен жасөспірімдерге арналған үш жасырын оқу орталығын ұйымдастырғаны анықталды. Қазір бұл орталықтардың жұмысы тоқтатылған.

ҰҚК мәліметінше, ұсталғандардың арасында бұған дейін терроризмге және өзге де қылмыстарға қатысты құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамдар бар.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp