Қазақстанның мемлекеттік қарызы 27 триллион теңгеге жеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Нalyquni.media парақшасына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, ел бюджетіндегі негізгі қиындықтардың бірі – қарыздың көлемі мен оны өтеуге кетіп жатқан шығын.
Бақытжан Базарбек қарыздың басым бөлігі бір кезеңде жиналғанын атап өтті. Оның сөзінше, қарыздың қалыптасу тарихын талдау барысында 2005-2017 жылдар аралығында алынған берешек жалпы қарыздың шамамен 80 пайызына сәйкес келеді. Бұл кезең елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарған уақытқа тұспа-тұс келеді.
Депутат бұл ретте сол жылдары елде түрлі ауқымды іс-шаралар, форумдар мен конференциялар өткізілгенін еске салды. Алайда кез келген қарыздың қайтару мерзімі мен жауапкершілігі болатынын айтты.
Оның айтуынша, бүгін сол қарыздың сұрауын қоғам мен халық көріп отыр. Егер бұл мәселе уақытында шешілмесе, оның ауыртпалығы болашақ ұрпақтың мойнына жүктеледі. Ал бұл өз кезегінде айлықтың төленбеуі, мектептің салынбауы, жолдардың ашылмауы сияқты салдарға алып келуі мүмкін.