Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Үкімет енді азаматтардың қай санатқа жататынына емес, олардың нақты қаржылық жағдайы мен көмекке қаншалықты мұқтаж екеніне басымдық бермек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай отырысында мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі жүйеде көпбалалы отбасылар табысының деңгейіне қарамастан бірдей қолдау алады. Алайда Үкімет мұндай тәсілді әділетті деп санамайды.
«Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек. Мемлекет өмірлік жағдайына байланысты өз күнін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға қолдау көрсетеді», – деді Олжас Бектенов.
Әлеуметтік көмек алушылардың жағдайы ескеріледі
Жаңа тәсіл бойынша мемлекеттік қолдау шынымен көмекке мұқтаж адамдарға бағытталады. Бұл ретте Үкіметтің мақсаты – азаматтарға уақытша қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың экономикалық белсенділігін арттыру.
Яғни әлеуметтік көмек алған азаматтардың өз табысын тауып, еңбекке араласуына және біртіндеп мемлекеттік қолдауға тәуелділіктен шығуына жағдай жасалуы тиіс.
Жаңа қағидат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық қолданысқа енгізіледі.
Үнемделген қаражат қайда жұмсалады?
Үкіметтің мәліметінше, әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау нәтижесінде үш жылдық кезеңде 2,5 трлн теңге көлемінде қаражат үнемдеу күтіледі. Ал 2027 жылға қатысты көрсеткіш 700 млрд теңге деп көрсетілген.
Босаған қаражатты әлеуметтік маңызы бар басқа бағыттарға, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсау жоспарланып отыр.
Осылайша, Үкімет әлеуметтік көмекті азаматтардың табысы мен нақты қажеттіліктеріне қарай саралап, мемлекеттік ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалануды көздейді.