Қазақстанның ірі қалаларында көлік кептелісін азайту үшін қозғалысты интеллектуалды басқару жүйесі енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Премьер-министрдің айтуынша, қалалар үлкейіп, көлік саны артқан сайын кептеліспен тек ол пайда болған кезде күресу жеткіліксіз. Оның орнына көлік қозғалысын алдын ала бақылап, жүктемені болжауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйе қажет.
Мұндай жүйе жолдардағы көлік ағынын нақты уақыт режимінде бақылап, ең көп жүктелетін учаскелерді анықтауға және ықтимал проблемаларды алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Ірі қалаларда көлік кептелістері кезінде ғана әрекет етпей, саланы жүйелі басқаруға көшу қажет
Премьер-министр Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, екі ай ішінде ірі қалалардағы көлік ең көп жүретін жол учаскелерін анықтауды тапсырды.
Осы учаскелерде қозғалысты интеллектуалды басқару жүйесі пилоттық режимде іске қосылады. Сынақ нәтижесі тиімді болса, үздік шешімдерді басқа қалаларда да енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа жүйе көлік қозғалысын реттеумен қатар, қалалық ортаның қауіпсіздігі мен тұрғындардың жүріп-тұру жағдайын жақсартуға бағытталады.