Мазмұнға өту
qandastar.

Бектенов ұлттық парктердегі инфрақұрылымның баяу дамуын сынға алды

Малика Хамит · · 436 қаралым
Бектенов ұлттық парктердегі инфрақұрылымның баяу дамуын сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық табиғи парктердегі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алды.

Үкімет отырысында экотуризмді дамыту және «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асуы қаралды, деп хабарлайды

порталы.

Қазір Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы көлемі 30,9 млн гектарды құрайды. Елдегі ұлттық парктерде 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ бар. Соңғы екі жылда келушілер саны айтарлықтай өсіп, 2023 жылғы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға жеткен.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ұлттық парктерде 16 млрд теңгеге дейінгі экотуризм жобалары жүзеге асып жатқанын айтты. Жұмыстар Іле-Алатауы ұлттық паркі, Алтын-Емел ұлттық паркі және Шарын ұлттық паркі аумақтарында жүргізіліп жатыр.

«Таза туризм» бағдарламасы аясында парктерде қоқысты бөлек жинайтын контейнерлер, эколавкалар мен ақпараттық баннерлер орнатылып, келушілерге биологиялық ыдырайтын пакеттер ұсынылуда. Сонымен қатар ұлттық парктерге кіру жүйесі де цифрландырылып жатыр. Қазір барлық ұлттық парк онлайн төлем жүйесіне қосылған.

Алайда Үкімет басшысы бұл шаралардың жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, ұлттық парктердегі нақты нәтиже әлі байқалмайды.

Экология министрі Іле-Алатауы, Алтын-Емел және Шарын ұлттық парктерін абаттандыру бойынша есеп бергенімен, бұл жұмыстар бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Содан бері айтарлықтай нәтижелер байқалмайды
деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр ұлттық парктерді дамытуға ірі бизнесті тартуды тапсырды. Сондай-ақ бірыңғай дизайн-код енгізіп, туристік инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту қажеттігін атап өтті.

Үкімет мәліметінше, әлемдік экотуризм нарығы 2034 жылға қарай 660 млрд доллардан асуы мүмкін. Қазақстан табиғи әлеуеті жоғары елдердің қатарында. Атап айтқанда, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Алтын-Емел ұлттық паркі және Іле-Алатауы ұлттық паркі секілді табиғи орындар экотуризмнің негізгі драйверіне айналуы мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp