Германияның Берлин қаласында ЛГБТ-парад кезінде фургон адамдар тобына соғылып, салдарынан бір адам қаза тауып, кемінде 16 адам жарақат алды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Оқиға 2026 жылғы 25 шілде күні кешке Тиргартен саябағы маңында болған. Полицияның мәліметінше, ақ түсті фургон бірнеше адамды қағып кеткеннен кейін ағашқа соғылған. Осыдан кейін күдіктіні ұстау үшін ауқымды іздестіру жұмыстары басталды.
Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтағанын мәлімдеді. Полиция өкілі Флориан Наттың айтуынша, ер адам бұған дейін де полицияның назарына іліккен және Берлиндегі исламшыл топтармен байланысы болған. Соңғы мәлімет бойынша, күдікті әлі қолға түспеген, оны іздеу жалғасып жатыр. Шабуылдың нақты себебі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Тергеу барысында кейбір зардап шеккендердің пышақ жарақатын алғаны туралы ақпарат та тексеріліп жатыр. Алайда полиция бұл мәліметтің әзірге расталмағанын атап өтті.
Берлин мэрі Кай Вегнер болған оқиғаны «еркін әрі ашық қоғамға жасалған шабуыл» деп бағалап, қаза тапқан адамның жақындары мен зардап шеккендерге көңіл айтты. Сондай-ақ билік оқиға куәгерлерін тергеуге көмектесу үшін фото және бейнематериалдарын ұсынуға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Германияның Шонгау қаласындағы гимназияға жасалған шабуыл салдарынан бірнеше адам жарақат алған еді.