Түркістан облысында бес жастағы бүлдіршін Абай Құнанбайұлының өлеңін жатқа айтып, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жетісай ауданына қарасты Асықата кентіндегі «Наурыз» балабақшасының тәрбиеленушісі Айтжан Медина Ғалымжанқызы ұлы ақынның шығармасын еш мүдірмей жатқа айтып берген.
Бүлдіршіннің өнері түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды.
[video width="474" height="850" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/08/VID_20260810_183817_944.mp4"][/video]
Бес жасар Медина Абайдың өлеңін жатқа айтып қана қоймай, оны мәнерлеп жеткізген. Кішкентай бүлдіршіннің жатқа айтуы – балабақшада балалардың қазақ әдебиеті мен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға көңіл бөлінетінін де көрсетеді.
Бұл видео Абай күні аталып өтіп жатқан тұста ерекше мәнге ие. 10 тамыз – ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл дата 2020 жылдан бастап Қазақстанда ресми түрде Абай күні ретінде аталып келеді.
Биыл Абайдың туғанына 181 жыл толып отыр. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде ақынның шығармашылығын дәріптейтін мәдени, әдеби және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Ал Жетісайдағы кішкентай Медина Абайдың жырын жатқа айтып, бұл күннің маңызын өзінше жеткізді.
Ұлы ақынның мұрасын ұлықтау осындай кішкентай бүлдіршіндерден басталатыны қуантады.