Аутизмге шалдыққан 6 жасар Анисаның анасы Сағинаның айтуынша, олар күн сайын автобуспен қатынайды, себебі жеке көлігі жоқ, ал инватакси шақыру мүмкін болмай қалған күндер жиі кездеседі.
"Бұрын қызым автобусқа мінуге қорқатын, қатты айқайлап, еденге жатып алатын. Қазір ем-домның арқасында тыныштала бастады, тек бір сөзді қайталап айтады. Бірақ бұл да кейбір жолаушыларға ұнамайды. Бүгін бір әйел қызыма "бездарный" деп тіл тигізді. Бұл менің жүрегіме қатты тиді", – дейді анасы.
Сағина қызын қоғамдық ортада түсініспеушіліктен қорғау үшін оның киіміне арнайы төсбелгі тағып қойған.
Онда "Мен өзімді жаман ұстамаймын, мен ерке емеспін. Менде АУТИЗМ. Өтініш, сабырлырақ болыңыздаршы" деп жазылған.
Оқиға желі қолданушыларының наразылығын тудырып, көпшілік дөрекілік танытқан әйелді жазалауды талап етуде. Кейбір азаматтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау білдірді