Норвегияда өтіп жатқан Norwegian Chess халықаралық турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева жарысты сәтті жалғастыруда, деп хабарлады Qandastar.kz сайты.
Турнирдің төртінші турында отандасымыз Қытайдың әлем чемпионы Джу Вэньцзюньмен кездесті. Классикалық партия тең аяқталғанымен, Асаубаева "Армагеддон" форматындағы қосымша кездесуде жеңіске жетіп, өз еншісіне 1,5 ұпай жазды.
Бесінші турда қазақстандық гроссмейстер украиналық шахматшы Анна Музычукпен ойнады. Негізгі партияда тағы да тең нәтиже тіркелді. Алайда бұл жолы Армагеддон тай-брейкінде Музычук басым түсіп, 1,5 ұпайға ие болды. Ал Асаубаева 1 ұпаймен шектелді.
Осы нәтижеден кейін қазақстандық шахматшы турнирлік кестеде екінші орынға сырғып, көш басындағы үндістандық Дивья Дешмухтан кейін орналасты.