Мазмұнға өту
qandastar.

Бір ай іздеді: Келес өзеніне түсіп кеткен бала әлі табылмады

Малика Хамит · · 218 қаралым
Бір ай іздеді: Келес өзеніне түсіп кеткен бала әлі табылмады

Түркістан облысында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы баланы іздеу жұмыстары ресми түрде тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қайғылы оқиға 23 наурыз күні болған.

Анасының хабарлауынша, 2018 жылы туған Жаннұр Тұрсынбек жазатайым жағдай салдарынан суға кеткен.

Оқиға туралы ақпарат түскен бойда құтқарушылар, полиция, жергілікті билік және еріктілер жұмылып, ауқымды іздеу жұмыстары басталды.

Бір ай бойы мамандар өзен арнасын, жағалауды бірнеше рет тексеріп шықты. Іздеуге арнайы техника, қайықтар мен дрондар тартылып, жұмыстар тәулік бойы жүргізілген. Су ағысы мен ауа райы да мұқият ескерілген.

Алайда барлық күш жұмылдырылғанына қарамастан, іздеу нәтиже бермеді.

Осыған байланысты 23 сәуірден бастап іздестіру-құтқару жұмыстары ресми түрде аяқталды.

Қолданыстағы тәртіпке сай, егер бір ай ішінде нәтиже болмаса, мұндай оқиға қылмыстық іс ретінде қаралып, әрі қарай құқық қорғау органдарына беріледі.

Құзырлы органдар баланың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, іздеу жұмыстарына атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

Сондай-ақ мамандар жұртшылықтан тек ресми ақпаратқа сеніп, расталмаған деректерді таратпауға шақырды.

Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды және су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp