Қазақстанда полиция қызметкерлері бір апта ішінде бірқатар қылмысты ашып, жол қауіпсіздігіне қатысты мыңдаған заң бұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Полицейлер «ізін суытпай» бір адам өлтіру қылмысын, адам өліміне әкеп соққан үш ауыр қылмысты, 11 тонау мен 218 ұрлықты ашқан. Сонымен қатар жеті мал және сегіз автокөлік ұрлығының беті ашылды.
Жол қауіпсіздігі бойынша да заң бұзушылық аз болмаған. Бір аптада полиция 10 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісін анықтады. Оның ішінде 201 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған.
Мәселен, Үштөбе қаласында түнде Toyota Marino көлігі тоқтатылып, оның 34 жастағы жүргізушісі мас күйінде болғаны анықталды. Сот оны 15 тәулікке қамауға алып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Дрифт жасаған жүргізушілер де жауапсыз қалмады. Астана, Қостанай және Шымкентте осындай бірнеше жағдай анықталған.
Елордада Шәмші Қалдаяқов көшесінде дрифт ұйымдастырған екі жас жүргізуші 10 тәулікке қамауға алынды, ал олардың көліктері арнайы тұраққа қойылды.
Қостанайда дрифт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жүргізуші көп ұзамай анықталды. Оның жыл басынан бері жол ережесін бұзғаны үшін 16 рет жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бұл жолы ол 15 тәулікке қамалды.
Ал Шымкентте 18 жастағы Mercedes жүргізушісі түнде дрифт жасап, тұрғындардың тыныштығын бұзған. Оған да 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция бұдан бөлек, заңсыз жазулар мен граффитиге қарсы жұмысты жалғастырып жатыр. 21 қыркүйектен бері ел бойынша 13 мыңнан астам заңсыз жазу мен граффити жойылған. Ал алты мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды.
Полицияның мәлімдеуінше, вандализм, бөтеннің мүлкін бүлдіру, мас күйде көлік жүргізу және қауіпті маневрлер жасау сияқты әрекеттер жауапкершілікке әкеледі.