Астанада бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Суюншалиге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің елорда бойынша департаменті хабарлады.
Тергеу мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында ол «Nura Elite» коттедж қалашығын саламыз деген сылтаумен азаматтардан қаражат жинаған. Жоба бойынша 37 коттедж бен 24 таунхаус салынуы тиіс болған. Алайда бүгінге дейін таунхаустар толық аяқталмаған, тек қаңқалары ғана тұр.
Компания 2023 жылдың төртінші тоқсанына дейін нысанды тапсыруға міндеттенгенімен, бұл уәде орындалмаған.
Алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасаған 56 адам жәбірленуші деп танылды. Олар салған қаражаттың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгеге жеткен.
Тергеу барысында 322 млн теңге күдіктінің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылғаны анықталған. Тағы 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сонымен қатар бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактісі белгілі болды. Тергеу нұсқасына сай, толық төленген коттедждің бірі кепілге қойылып, кейін өзге адамдардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған.
Үлескерлердің ақшасының бір бөлігі Астанадағы «Асылхан» тұрғын үй кешеніне арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған. Бірақ бұл жобаның құрылысы да басталмаған.
Сот санкциясымен Мөлдір Суюншалиге үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.