Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмекті тағайындау тәсілі өзгереді. Енді жәрдемақы беру кезінде азаматтың табысы ғана емес, отбасының жалпы материалдық жағдайы мен әлеуметтік ахуалы да ескеріледі, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, басты мақсат – көмекке шынымен мұқтаж адамдарды анықтап, бірде-бір қазақстандықты қолдаусыз қалдырмау.
Бұл туралы министр Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Отбасының жағдайы қалай бағаланады?
Биыл 30 қыркүйекте әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайтын жаңа әдістеме бекітілді. Ол екі негізгі бағыттан тұрады: материалдық әл-ауқат пен әлеуметтік тұрақтылық.
Бірінші бағыт бойынша отбасының қаржылық жағдайы алты санаттағы 59 көрсеткіш арқылы бағаланады. Олардың қатарында табыс пен жұмыспен қамту, мүлік, көлік, бизнес, ауыл шаруашылығы және несие міндеттемелері бар.
Бұл мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Сондықтан азаматтардан қосымша анықтама жинап, мемлекеттік органдарға тапсыру талап етілмейді.
Балалар мен қарт адамдар да ескеріледі
Екінші бағыт отбасының әлеуметтік жағдайын қамтиды. Бағалау кезінде үй шаруашылығының құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы ескеріледі.
Яғни әлеуметтік көмек тағайындағанда адамның жеке табысына ғана емес, оның қандай жағдайда өмір сүріп жатқанына да назар аударылады.
Бір үйде тұратындардың бәрі есепке алынады
Жаңа әдістемеде бағалау нысаны ретінде жәрдемақы алушының өзі емес, тұтас үй шаруашылығы қарастырылады. Бір мекенжайда тіркелген отбасы мүшелері, туыстары және бірге тұратын басқа адамдардың жағдайы да есепке алынуы мүмкін.
Ал бөлек тұратын ата-аналардың балалары белгіленген тәртіпке сәйкес отбасы құрамына енгізіледі.
Министрліктің түсіндіруінше, жаңа тәсіл мемлекеттік қолдауды отбасының нақты қажеттілігіне қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – әлеуметтік көмекті формалды түрде тағайындаумен шектелмей, кімнің шынымен қолдауға мұқтаж екенін анықтау.