Бішкекте америкалық әнші Akon-ның ауқымды концерті өтіп, музыкалық кештен түсірілген видеолар әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, дейді Qandastar.kz сайты.
Концерт барысында өнер иесі өзінің танымал шоу элементтерінің бірін орындап, мөлдір алып шардың ішіне кіріп, фан-аймақтағы көрермендердің үстімен жүруге тырысқан. Алайда алдыңғы қатарда тұрған көрермендер үшін әнші отырған шарды ұстап тұру қиын болып, бұл трюк жоспардағыдай орындалмады.
Соған қарамастан, кешке жиналған көрермендер үшін концерт ерекше атмосферасымен есте қалды. Әсіресе Akon-ның шығармашылығымен жастық шағында таныс болған көрермендер үшін бұл кеш ностальгиялық әсер сыйлады.
Концерттің арнайы қонағы ретінде танымал әнші Ne-Yo да сахнаға шықты. Ол қырғыздың ұлттық ақ қалпағын киіп өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Әлеуметтік желіде концерттен түсірілген түрлі қызықты кадрлар да тарады. Видеолардан стадиондағы қызу атмосферамен қатар, ұлттық сусын сатып жүрген сатушылар мен тәртіп сақшыларының сабырлы кейпі байқалады. Сондай-ақ концертке келген кейбір аналардың бұл кешті көңіл сергітер демалыс ретінде өткізгені көрінеді.
Кештен тараған бейнежазбалар желі қолданушылары арасында кеңінен тарап, концерттің ерекше сәттері қызу талқылануда.