«Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Бекжан Айтқұлов Үкіметке орта және ірі бизнес субъектілерін мемлекеттік тексеру жүйесін қайта қарау туралы депутаттық сауал жолдады. Депутат бақылаушы органдардың жұмысын айыппұлдар санымен емес, заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою нәтижесімен бағалауды ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Бекжан Айтқұловтың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлердің қызметін 20-дан астам мемлекеттік орган тексереді. Соңғы үш жылда 155 899 тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде кәсіпкерлерге миллиондаған айыппұл салынған.
Депутат қазіргі бақылау жүйесінде мемлекеттік органдардың тиімділігі көбіне жүргізілген тексерістер мен салынған айыппұлдардың санына қарай бағаланатынын атап өтті. Оның пікірінше, айыппұл салу арқылы ғана мәселені шешу мүмкін емес. Ең бастысы – анықталған заң бұзушылықтарды жою және олардың қайталануына жол бермеу.
Осыған байланысты депутат Үкіметке төрт негізгі ұсыныс жолдады.
Біріншіден, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру, мемлекеттік бақылау және қадағалау тәртібін реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу қажет.
Екіншіден, мемлекеттік инспекциялардың жұмысын бағалау өлшемдерін өзгерту ұсынылды. Атап айтқанда, айыппұл сомасы мен хаттамалар санының орнына заң бұзушылықтардың уақытылы жойылуы, өндірістік жарақаттардың азаюы және қоршаған ортаға келетін зиянның төмендеуі негізгі көрсеткіш болуы тиіс.
Үшіншіден, кәсіпорындарға мемлекеттік органдарды ерікті аудит жүргізуге шақыру мүмкіндігін беру ұсынылды. Егер тексеру барысында кемшіліктер анықталса, бірден айыппұл салмай, оларды жоюға арналған 3–5 жылдық бірлескен жол картасын әзірлеу қажет.
Төртіншіден, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуға жағдай жасау керек. Ол үшін экологиялық жабдықтарды орнату талаптарымен қатар, жеңілдетілген несиелер, лизингтік бағдарламалар және салықтық ынталандыру тетіктерін енгізу ұсынылды.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік бақылаудың басты мақсаты кәсіпкерлерге айыппұл салу емес, қауіпсіз өндірісті қамтамасыз ету, заң бұзушылықтардың алдын алу және бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасау болуы тиіс.