Батыс Қазақстан облысы аграрлық саланың мамандары мен инвесторлары тоғысқан маңызды алаңға айналды. Өңірде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен Екінші халықаралық «AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0» фестивалі кең көлемде өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Фестивальдің Жайық өңірінде ұйымдастырылуы бекер емес. Бұл аймақ тарихи тұрғыдан атақты еділбай қойының отаны ретінде танылған.
Іс-шара дәстүрлі мал шаруашылығын заманауи технологиялармен ұштастырып, АҚШ, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Татарстаннан келген жетекші сарапшылар мен сала өкілдерін бір алаңға жинады.
Фестиваль аясындағы негізгі шаралардың бірі Орал қаласындағы Достық үйінде өткен халықаралық форум болды. Форум барысында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, өнімді өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері талқыланды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі қой шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, облыста асыл тұқымды мал өсіруге мол мүмкіндік бар және фермерлерге өндірісті ұлғайтып, жаңа нарықтарға шығу үшін жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Ал Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы әрі «Ауыл» партиясының жетекшісі Серік Егізбаев қой шаруашылығының ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Ол бұл саланы тек шикізат көзі ретінде емес, жоғары технологиялық әрі экспортқа бағытталған индустрияға айналдыру қажеттігін айтты.
Фестиваль тек іскерлік алаңмен шектелмей, ауқымды мәдени-көпшілік шараға ұласты. Қонақтарға асыл тұқымды қой көрмесі ұсынылып, ұлттық тағамдар бойынша аспаздық байқаулар ұйымдастырылды. Шебер аспаздар қой және қозы етінен әзірленген ерекше тағам түрлерін таныстырды.
Сонымен қатар қой жүні мен табиғи теріден тігілген киімдердің сән көрсетілімі өтіп, ұлттық нақыштағы заманауи үлгілер көпшілік назарына ұсынылды.
Бағдарламада ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де басымдық берілді. Қонақтар тазы мен төбет иттерінің көрмесін тамашалап, садақ ату, асық ату, тоғызқұмалақ және қошқар көтеру секілді этноспорттық жарыстарға қатысты. Сондай-ақ студенттік жастар жасақтарын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Фестиваль қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.
«AUYL INVEST FEST. Қой шаруашылығы 2.0» фестивалі Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуға жаңа серпін беріп, халықаралық ынтымақтастық пен инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашқан маңызды алаң ретінде бағаланды.
Толығырақ: Stan.kz.