Батыс Қазақстан облысында үш жас түлек суға батып қайтыс болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қайғылы оқиға 10 маусым күні кешке Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылы маңындағы Кіші өзенде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2008 және 2009 жылы туған үш жасөспірім арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға түскен. Аталған аумақта суға түсуге тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері орнатылған.
Оқиға туралы хабар аудандық полиция бөлімінен 112 қызметіне түскен. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жедел жіберілгенімен, олардың келуіне дейін жасөспірімдердің денелерін жергілікті тұрғындар судан шығарып алған.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
ТЖМ азаматтарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға шақырып, судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.