Мазмұнға өту
qandastar.

«Боқаев туралы айтылмай келген жайттар»: журналист оның бұрынғы қызметіне қатысты мәлімдеме жасады

Малика Хамит 24 қаралым
«Боқаев туралы айтылмай келген жайттар»: журналист оның бұрынғы қызметіне қатысты мәлімдеме жасады

Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі басталған тұста журналист Аян Шәріпбаев оның бұрынғы қызметі мен саяси байланыстарына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Ол Боқаевтың тәуелсіз БАҚ-қа қысым көрсетуге қатысы болғанын айтып, қоғам белсендісінің журналистік зерттеулеріне де күмән келтірді.

Шәріпбаевтың Facebook парақшасындағы жазбасына сүйенсек, Боқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәлімдемелерімен танылғанға дейін Алматы әкімдігінде, «Нұр Отан» партиясында және «ҚазТрансГаз» компаниясында жұмыс істеген.

Журналист оның Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасында қызмет еткен кезеңіне ерекше тоқталды. Шәріпбаевтың пікірінше, сол уақытта Боқаев тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуге қатысқан.

Өзін оппозиция өкілі ретінде көрсеткен жылдар ішінде ол кәсібі мен тағдырына зиян келтірген журналистерден бірде-бір рет ашық кешірім сұраған емес. Цензураның ішкі механизмдерін де әшкерелемеді
деп жазды журналист.

Шәріпбаев Боқаевтың саяси мансабын Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшылары Кәрім Мәсімов пен Бағлан Майлыбаевтың ықпалы күшейген кезеңмен байланыстырды.

Сонымен қатар ол Боқаевтың жария зерттеулерінде бұрынғы басшылары мен саяси ортасына қатысты тақырыптар көтерілмейтінін сынға алды. Атап айтқанда, журналист «ҚазТрансГаздағы» ықтимал схемалар, Дариға Назарбаеваның активтері, Нұрали Әлиевтің монополиялары және Алматыдағы жер мәселелеріне қатысты зерттеулердің жоқтығын сөз етті.

Сіз одан Қайрат Шәріпбаевтың “ҚазТрансГаздағы” схемалары, Дариға Назарбаеваның активтері, Нұрали Әлиевтің монополиялары немесе Ахметжан Есімовтің тұсында Алматы жерлері мен ЭКСПО қаражатының қалай бөлінгені туралы зерттеулерді ешқашан көрмейсіз
деп мәлімдеді Аян Шәріпбаев.

Журналист сондай-ақ Боқаевты бұрынғы қызметі туралы сұхбатқа бірнеше рет шақыруға тырысқанын айтты.

Айта кетейік, Шәріпбаевтың мәлімдемелері оның жеке бағасы мен болжамдарына негізделген. Ондағы айыптаулар сотта анықталған фактілер ретінде қарастырылмауы керек.

Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі Алматыда жалғасып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp