Әлеуметтік желіде адамның рұқсатынсыз түсірілген фото мен видеоны жариялау заң талаптарына қайшы келуі мүмкін. Қазақстан заңнамасында азаматтың өз бейнесіне және жеке өміріне қатысты құқықтары қорғалады, дейді Qandastar.kz сайты.
ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға және жариялауға жол берілмейді. Алайда заңда мұндай келісім талап етілмейтін жекелеген жағдайлар да қарастырылған.
Мәселен, адам көпшілік іс-шарада немесе қоғамдық жерде түсірілген жалпы кадрда бейнеленсе, сондай-ақ материал қоғамдық немесе мемлекеттік мүддеге қатысты болса, оны жариялауға қатысты ерекшеліктер қолданылуы мүмкін. Бұдан бөлек, фотосуретке түскені үшін ақы алған модель немесе актердің бейнесін пайдалануға келісім берілген деп қарастырылуы ықтимал.
Ал адамның жеке өміріне қатысты мәліметтерді немесе жеке және отбасылық құпияны оның келісімінсіз тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда жағдайдың мән-жайына қарай азаматтық немесе қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралады.
Егер азаматтың фотосы немесе видеосы рұқсатсыз жарияланса, алдымен жарияланымның скриншотын жасап, сілтемесін сақтап қойған жөн. Сондай-ақ материалды жариялаған адамнан оны өшіруді талап етуге болады.
Талап орындалмаған жағдайда азамат өз құқықтарын сот арқылы қорғауға және заңда көзделген талаптарды қоюға құқылы.